Кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар күшейтілді
Барлық кәсіби авариялық-құтқару қызметтері түрлі жұмыстар жүргізу үшін арнайы аттестат алуға міндетті. Баспасөз конференциясында Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Вице-министрдің айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында реттеушілік құралдар мен талаптарды енгізуге дейін де, енгізілгеннен кейін де реттеушілік әсерді талдау жүргізу талаптары алынып тасталды. Бұл қауіпсіздік мүддесінде қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, өндірістік бақылауға маңызды рөл беріледі. Бақылау мен қадағалау субъектілерінің барлығы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өндірістік бақылау қызметін құруға міндеттеледі.
«Қауіпті өндірістік объектілер мен техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану мақсатында ұйымдарды нормативтік қызмет ету мерзімі өткен жабдықты уақытылы жаңартуға міндеттейтін нормалар енгізілді. Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган тиісті жаңарту жоспарларын келісу құзыретімен қамтамасыз етілді», - деді Ерболат Садырбаев.
Оның айтуынша, кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар күшейтілді. 2027 жылдан бастап барлық кәсіби авариялық-құтқару қызметтері тау-кен құтқару, газ құтқару және фонтандауға қарсы жұмыстарын жүргізу құқығына ие болу аттестатын алуға міндетті.
Еске салсақ, «Жолаушылар тасымалы» компаниясы пойызда жолаушы өзін жайсыз сезінген жағдайда қандай әрекет жасау керек екендігін түсіндірді.