ІІМ мен Астана мектептері профилактикалық жұмысты күшейтуге келісті

ІІМ мен Астана мектептері профилактикалық жұмысты күшейтуге келісті
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі елордадағы 150 білім беру ұйымының басшыларының қатысуымен кеңес өткізді. Іс-шараға Астана қаласы полиция департаментінің, білім басқармасының өкілдері және ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшылары қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жиында полиция оқушылар арасындағы төбелестер тіркелген видеоларды көрсетті. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы буллинг, қорлайтын бейнероликтің таралуы және балалардың деструктивті интернет қауымдастықтарға қосылуы секілді нақты мысалдар келтірілді.

Спикерлердің айтуынша, мұндай оқиға ересектердің назарынан тыс қалып, салдары ауыр болуы мүмкін. Мектеп директорларына мектепішілік бақылауды күшейту, тәуекелі жоғары аймақтарға тұрақты мониторинг жүргізу, психологиялық қызметтердің жұмысын жандандыру, буллинг туралы сигналдарға жедел әрекет ету, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу үшін ата-аналармен және ювеналды полициямен тығыз байланысты жолға қою ұсынылды.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Олардың қатарында профилактикалық рейдті күшейту, педагогтер мен ата-аналардың қарым-қатынасы, сондай-ақ заманауи цифрлық құралдар мен зияткерлік бейнеаналитиканы пайдалану да бар.

Кеңес қорытындысы бойынша білім беру ұйымдары үшін бірқатар практикалық ұсыным әзірленді. Ал жиынға қатысушылар ерте профилактиканың, жүйелі тәрбие жұмысының және мектеп, отбасы мен құқық қорғау органдары арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Еске салсақ, кеше Астана қаласында мектеп директорларының бірінші республикалық форумы өтті.