ІІМ: Автомектептердегі 701 оқу тобының қызметі тоқтатылды

ІІМ: Автомектептердегі 701 оқу тобының қызметі тоқтатылды
Фото: instagram/gov4c.kz

Техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ көлікті пайдаланған автомектептердің 701 оқу тобының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Министрліктің мәліметінше, қазір елде 727 автомектеп жүргізушілерді даярлайды. Соларды тексеру кезінде автодромдарда жол белгісі, жол таңбасы мен жарықтандырудың жеткіліксіз екені, сондай-ақ кейбір көліктің ақауы бар екені анықталды. Осы кемшіліктерді жою үшін 20 ұйғарым берілді.

«Жүргізушілерді даярлау үшін міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ автокөлікті пайдаланған 59 оқу ұйымы анықталды. Әкімшілік полиция комитеті автомектептердің 701 оқу тобының қызметін тоқтатты», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәлімдеуінше, оқу ұйымдарының қызметіне мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізуді көздейтін «Жол жүрісі туралы» заңға өзгеріс енгізу жөнінде заң жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта құжат Мәжілісте қаралып жатыр.