Геологиялық зерттеулерді қаржыландырған компаниялар жер қойнауын пайдалануда басым құқыққа ие болады

Бүгін, 19:04
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Геологиялық зерттеулерді қаржыландырған компаниялар жер қойнауын пайдалануда басым құқыққа ие болады
Фото: freepik.com

Өткен аптада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат көмірсутектер мен уранды геологиялық барлауға инвестицияларды ауқымды түрде тартуға, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар үшін әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған, деп хабарлады Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап. 

Заңның басты жаңалығы – аз зерттелген аумақтарда барлау және өндіру бойынша арнайы келісімшарт түрін енгізу. Бұл норма инвесторлар үшін түбегейлі жаңа жағдайлар қалыптастырады: енді өз қаражаты есебінен жер қойнауын геологиялық зерттеуге дайын компаниялар кейінгі жер қойнауын пайдалануға басым құқыққа ие болады.

Мұндай тәсіл ел аумағының геологиялық зерттелу деңгейін едәуір арттырып, көмірсутектердің жаңа қорларын игеруге тартуды ынталандыруға тиіс.

Сонымен қатар заңнамалық түзетулер өндірістік процестерді айтарлықтай жеңілдетеді. Енді жер қойнауын пайдаланушылар қолданыстағы өндіру келісімшарттары аясында жер үстіндегі учаске шекараларын өзгертпей-ақ, бес мың метрден төмен тереңдікте қосымша барлау жұмыстарын жүргізе алады. Бұл шешім терең қабаттарды жедел зерттеуге және артық бюрократиялық рәсімдерсіз ресурс базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Заң нарықтағы бәсекелестікті дамытуға да бағытталған. Ұлттық компаниялардың тікелей келіссөздер үшін учаскелерді резервте ұстау мерзімдеріне шектеу енгізілді. Бұл перспективалы аумақтардың ұзақ уақыт бойы бос тұрып қалуын болдырмай, оларды нақты инвесторларға тезірек беруге жол ашады. Сондай-ақ стратегиялық маңызы бар уран саласында мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін нормалар жеке блок ретінде көзделген.

Ресурстарды ұтымды пайдалану мен сапалы мемлекеттік сараптаманы қамтамасыз ету мақсатында көмірсутектер қорлары жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қызмет ету мерзімі 2030 жылға дейін ұзартылды.

Қабылданған нормалардың іске асырылуы инвестициялық ахуалды жақсартып, экономиканың өндіруші және қайта өңдеу секторларына капитал ағынын арттыруға қосымша серпін береді деп күтілуде.

Еске салайық, бұдан бұрын жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың жазасын жеңілдету желеуімен қомақты қаражат алған алаяқтар сотталғанын хабарладық.