Географиядан халықаралық олимпиада жүлдегерлері елге оралды
Ыстамбұлда өткен географиядан халықаралық олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен Қазақстан құрамасы елордаға оралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Астана әуежайында жас географтар мен олардың жетекшілерін Оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері, ата-аналары, ұстаздары мен достары қарсы алды.


Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 2 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды. Құраманың барлық төрт мүшесі де жүлдегер атанды.
Андрей Енбахтов пен Бекбол Дарын алтын медаль жеңіп алды. Андрей Енбахтов жеке есепте олимпиаданың абсолютті чемпионы атанды.
Амир Дарынов пен Алан Козленко күміс медаль иеленді.
Қазақстан құрамасына Абай Дүйсен мен Алмас Искендиров жетекшілік етті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ташкентте өткен информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI 2026) қазақстандық оқушылар жоғары нәтиже көрсетті.