Ғарыш саласы еліміздің экономикасына қандай пайдасын тигізуі мүмкін
Бұл сұраққа Еуразия ұлттық университетінің Ғарыштық техника және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Асыл-Дастан Базарбек жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Ғарыштық экономикаға негізінен өте көп қаражат қажет. Өздеріңізге мәлім, АҚШ, Ресей, Бразилия, Қытай, Израиль сияқты ғарыш саласымен айналысатын әлемде 10 шақты мемлекет бар. Қазақстан да солардың қатарында. «Қазақстан Ғарыш Сапарының» екі спутнигі бар, ол – KazEOSat-1, KazEOSat-2. Бұлар ғарыштық бақылауды қамтамасыз етеді, яғни су тасқыны, өрт кезіндегі төтенше жағдайларды мониторингтеу, сонымен қатар шекара қызметіндегі заңсыз кесіп өтуді бақылау және басқа да қажетті спутниктік мониторинг жүргізумен айналысады. Екіншіден, еліміздегі Ғарыш орталығында екі спутнигіміз бар, ол – KazSat-2, KazSat-3. Бұлар елімізге телевизия, байланыс салаларына қызмет көрсетеді. Кейбір шалғай елдімекендерде кабельдерді өткізу қиындық тудырады. Сондай елдімекендерге біздің мобильді провайдерлеріміз KazSat-2, KazSat-3 спутниктері арқылы байланыс береді. Ал KazEOSat-1, KazEOSat-2 спутниктері арқылы ғарыштағы кескіндер, деректер алыс-жақындағы шетелдердің және еліміздің түрлі ведомстволарының сұранысы бойынша кәдеге жаратылады. Сондықтан ғарыш саласының ел экономикасына тікелей де, жанама да әсері зор. Бұл спутниктерімізді ұшырғанға дейін біз ресейлік спутниктердің қызметін қолданғанбыз. Өзіміздің ғарыш аппараттарымыздың болуы – ол біздің Тәуелсіздігіміз бен ұлттық қауіпсіздігіміздің негізгі тірегі болады деп ойлаймын», - деді профессор Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Сұхбаттың толық нұсқасын осы жерден оқи аласыз.