Ғалымдар мал өнімділігін арттыратын табиғи ақуыздық жаңа жем түрін әзірлеп жатыр

Ғалымдар мал өнімділігін арттыратын табиғи ақуыздық жаңа жем түрін әзірлеп жатыр
Фото: АШМ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы ғалымдар қымбат ақуыздық компоненттердің орнын алмастыратын және пробиотиктермен байытылған табиғи мультиақуыздық құрамды жем технологиясын жасап жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, бұл инновациялық тәсіл мал өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге, қоректік заттардың сіңімділігін арттыруға, азық конверсиясын жақсартуға және экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында жануарлардан алынатын табиғи мультиақуыздық шикізатты, соның ішінде ет өңдеу өнеркәсібінің қалдықтарын, яғни ет-сүйек, қан және сүйек ұнын, сондай-ақ гидролизаттарды пайдалану ұсынылды. Бұл компоненттер толыққанды ақуыздың, алмастырылмайтын аминқышқылдары мен минералды заттардың қайнар көзі болып саналады.

Әзірленіп жатқан технология физика-химиялық сипаттамалары әртүрлі шикізатты өңдеу ерекшеліктерін ескереді және ұсақтау, араластыру процестерін оңтайландыруға бағытталған. Бұл құрама жемнің біртектілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге жем құрамына қосымша ірі қара малдың микрофлорасын тұрақтандыруға, қоректік заттардың қорытылуын арттыруға, зат алмасу процестерін жақсартуға және асқазан-ішек жолдары ауруларының қаупін азайтуға ықпал ететін пробиотикалық қоспалар енгізіледі.

Мультиақуыздық шикізатты пробиотиктермен бірге қолдану малдың өнімділігін арттыруға, азық конверсиясын жақсартуға және қоректік заттардың жоғалуын азайтуға бағытталған. Жобаны іске асыру құрама жемнің өзіндік құнын төмендетуге, қайталама ресурстарды ұтымды пайдалануға және қайта өңдеу кәсіпорындарына түсетін экологиялық жүктемені азайтуға ықпал етпек.

«Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы жануарларына арналған табиғи мультиақуыздық шикізат қосылған, пробиотигі бар, құнарлылығы жоғары және жеңіл қорытылатын құрама жем өндіру технологиясын әзірлеу», – делінген хабарламада. 

Бұған дейін АШМ мал шаруашылығына жеңілдетілген несие беруді бастағанын жазғанбыз