Француз пианиношысы Кристина Фонлюпт қазақ сахнасында өнер көрсетеді

Француз пианиношысы Кристина Фонлюпт қазақ сахнасында өнер көрсетеді
Фото Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтынан алынды

Француз пианиношысы Кристина Фонлюпт Орталық Азия елдеріне алғаш рет гастрольдік сапармен келеді. Ауқымды тур аясында ол Қарағанды қаласында да өнер көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеш бағдарламасында француз музыкалық өнерінің жауһар туындылары шырқалады. Көрермендер Клод Дебюсси, Эрнест Шоссон, Мель Бонис, Жорж Бизе, Камиль Сен-Санс, Сесиль Шаминад және Франсис Пуленк сынды көрнекті композиторлардың шығармаларын тыңдай алады.

Кристина Фонлюпт Францияның жетекші музыкалық оқу орындарында білім алған кәсіби пианиношы. 2019 жылдан бері ол жүзге жуық пианиношыны біріктірген ірі шығармашылық жоба – фортепианолық оркестрді басқарып келеді.

2020 жылы виолончельші Валери Эмар және сопрано Анн Бакемен бірге ол La girafe confite триосын құрды. Бұл ұжыммен пианиношы Франция бойынша кабаре жанрындағы ерекше концерттік бағдарламамен гастрольдік сапарлар ұйымдастырып жүр.

Өнер иесінің шығармашылық қоржынында бірнеше альбом бар. Олардың қатарында аргентиналық тангоға арналған жобалар, органшы Эрик Лебрунның туындылары, сондай-ақ Дебюсси мен Шоссон шығармаларына арналған жеке жазбалар қамтылған.

Кристина Фонлюпт Париж филармониясы, Опера Комик және Комеди Франсез секілді беделді сахналарда өнер көрсетіп, Авиньон және Берлиоз фестивальдерінің қатысушысы атанған.

Аталған концерттер Францияның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Өзбекстандағы елшіліктері мен Француз Альянсының бірлескен қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

«Әйел шабыты: XIX–XX ғасырлардағы француз музыкасы» атты концерт 2 сәуір күні сағат 18:30-да Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ғимаратында (Мұқанов көшесі, 10) өтеді. Кіру тегін. Концертке қатысу үшін Қарағандыдағы Француз Альянсына +7-778-674-89-79 телефоны арқылы алдын ала тіркелу қажет. Орын саны шектеулі.

Бұған дейін «Астана Опера» театрында «Айсұлу» операсы сахналанғанын жаздық.