09.12.2025
RU
Мәзір

Форумдар мен көрмелер: Астанада MICE-туризмнің қарқыны қалай

|
Форумдар мен көрмелер: Астанада MICE-туризмнің қарқыны қалай
Фото: Digital Bridge форумының ұйымдастыру комитеті

Іскерлік туризм индустрияның ең табысты бағыттарының бірі болып саналады. Сарапшылардың бағалауынша, оның кірісі жекелеген туристік сапарларға қарағанда, үш есе жоғары. Elordainfo.kz тілшісі елордадағы MICE саласының дамуын және Астананың халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етіп отырған іс-шараларға шолу жасап көрді.

MICE-туризм конференцияларды, көрмелерді, корпоративтік іс-шаралар мен іскерлік кездесулерді қамтиды. Бұл – индустриядағы ең жылдам өсіп келе жатқан сегменттердің бірі: жаһандық нарық көлемі 725 миллиард долларды құрайды және жыл сайын тұрақты өсім байқалады.

Қазақстанды осы нарықта ілгерілетуге ғылыми және іскерлік орта өкілдерінен тұратын MICE-туризм елшілері де атсалысады. Олар халықаралық іс-шараларды елге тартуға ықпал етеді.

2024 жылы Қазақстанда шамамен 4000 делегаттың қатысуымен 14 ірі іс-шара өтті. Бір қатысушының орташа шығыны – шамамен 1 240 доллар. ICCA деректеріне сәйкес, Қазақстан Орталық Азияда көш бастап, халықаралық конгрестер өткізуге ең тартымды еуропалық елдердің алғашқы 35-тігіне кірді. Дүниежүзілік экономикалық форумның туризм және саяхат индексінде еліміз 52-орынды иеленді.

Елорда халықаралық ірі іс-шаралар өткізетін жетекші қала ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтып келеді. 2024 жылы Астанада 123 іскерлік іс-шара өткізілді, ал 2025 жылдың соңына дейін оның саны 189-ға жетеді деген болжам бар. Бұл халықаралық ұйымдар мен компаниялардың елордалық инфрақұрылымға, форумдар, конгрестер мен көрмелер өткізу мүмкіндіктеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Қаланың басты алаңдары Конгресс-орталығы, Тәуелсіздік сарайы мен Бейбітшілік және келісім сарайы іскерлік форумдар мен көрмелердің тұрақты түрде өтетін орнына айналды. Олардың қатарында Hilton Astana, Rixos President, The St. Regis Astana сынды жетекші қонақүй алаңдары да бар.

Ең маңызды іс-шаралардың бірі – Astana International Forum (AIF). Форум биыл да әлемдік көшбасшыларды, халықаралық сарапшылар мен ірі бизнес өкілдерінің басын қосты. Форумда экономика, халықаралық ынтымақтастық және жаһандық сын-қатерлер мәселелері қаралды.

Орталық Азиядағы ең ірі IT-форум – Digital Bridge де өз позициясын берік ұстанып келеді. Мұнда жыл сайын стартаптар, инвесторлар, IT-компаниялар мен жаһандық корпорациялар өкілдері бас қосады. Бұл іс-шара Астананың өңірлік цифрлық хаб ретіндегі имиджін қалыптастырады.

Ірі көрме жобаларының ішінде Automechanika Astana автокомпоненттер, сервистік технологиялар және коммерциялық көлікке арналған халықаралық көрменің орны ерекше. Бұл іс-шара ондаған елдің қатысушыларын тартатын сала үшін маңызды кездесу алаңы болып саналады.

Көпшілікке бағытталған іс-шаралар да айрықша қызығушылық тудырып отыр. Мәселен, Comic Con Astana 2025 рекорд жаңартты. Оған 75 мыңнан аса мәртебелі мейман келсе, жалпы 120 мыңнан аса қатысу тіркелген. Іс-шараға қатысушылар 36 елден келген.

Шілде айында елордада әлемнің 700-ден аса ғалымы мен жас зерттеушісінің басын қосқан ISAAC ірі халықаралық математикалық форумы өтті.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанаға 750 мыңнан астам турист келді. Сарапшылардың айтуынша, бұл динамика – елорданың тек демалыс үшін емес, іскерлік сапарлар үшін де барған сайын тартымды болып келе жатқанының көрсеткіші.

Соңғы жылдары Астананың өңірдегі халықаралық іс-шаралардың жетекші алаңына айналып келе жатқаны байқалады. Форумдар, көрмелер мен конгрестер іскерлік туристердің тұрақты ағынын қалыптастырып, экономикалық әсерін арттыра отырып, Астананың MICE-индустриясындағы орнын күшейте түседі.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗