Ерекше бақылауға 15 мыңға жуық білім беру ұйымы кіреді
Бұл туралы Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz ОКҚ-не сілтеме жасап.
«Басты жаңашылдықтардың бірі жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде мемлекеттік бақылаудың кенеттен тексеру принципін енгізу болды. Егер бұған дейін балалардың құқықтарын бұзу туралы сигнал түскен кезде бақылау іс-шаралары алдын ала тіркелуге тиіс болса, ал тексерілетін субъектінің алдағы уақытта тексеру жүргізілетіні туралы алдын ала біліп, оған дайындалуға мүмкіндігі болса, бүгінде жоспардан тыс тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Бұл тәсіл балалардың нақты жағдайын объективті білуге және олардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп-қатерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді», - деді спикер.
Оның айтуынша, анонимді өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бола алмайды – жоспардан тыс тексерулер бала құқықтарын бұзудың нақты фактілері болған жағдайда ғана жүргізіледі. Жылдық жоспарлы тексерулер тізімі автоматты режимде қалыптастырылады және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің интернет-ресурсында орналастырылады.
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бақылаудың жаңа тетіктерін енгізу жазалауға бағытталмағанын атап көрсетеді. Бұл ең алдымен, тәуекелдердің алдын алу, оларды уақытылы анықтау, сондай-ақ балалар білім алатын және тұратын ұйымдардың басшыларының жауапкершілігін арттыру үшін қажет», - деді Юлия Овечкина.
Бұған дейін 18-ге толған қазақстандықтар өздеріне тиесілі қаражатты қалай пайдаланғанын жаздық.