Еңбек инспекторлары 62 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады
2025 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 629 кәсіпорнында 11,9 мыңнан астам жұмыскерге жалақы бойынша 3,1 млрд теңгеден астам сомаға берешек барын анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Сонымен бірге, түрлі ұйымда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 8,7 мыңнан астам фактісі анықталды.
Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 4 245 ұйғарым берілді және 524,3 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
«Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімін белгілеудің нәтижесінде 11,8 мың жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 2,85 млрд теңге төленді», - деп жазылған министрліктің хабарламасында.
2025 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 6 599 тексеру жүргізді, оның барысында 8 720 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 7 089; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 585; халықты жұмыспен қамту бойынша – 46.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 51 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.
Бұған дейін сот жетім баланың құқығын қалпына келтіргенін жаздық.