Елорданың спорт қайраткерлері медицина қызметкерлеріне алғыс челленджін бастады
Медицина қызметкері күніне орай елорданың спорт қайраткерлері денсаулық сақтау саласы өкілдеріне арналған алғыс челленджін бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Челлендж аясында спорт саласының өкілдері әлеуметтік желіде дәрігерлерге, медбикелерге, фельдшерлерге және денсаулық сақтау жүйесіндегі мамандарға кәсібилігі, жанқиярлығы және азаматтардың денсаулығы жолындағы күнделікті еңбегі үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Олар жазбаларында медицина қызметкерлерінің қоғам өміріндегі маңызды рөлін атап өтіп, дендеріне саулық, отбасына амандық және кәсіби қызметіне табыс тіледі.
Бастама медицина саласы қызметкерлерінің еңбегіне құрмет пен алғысты арттыруға, сондай-ақ олардың жауапты әрі маңызды жұмысының маңызын насихаттауға бағытталған.
Еске салсақ, Астанада денсаулық сақтау басқармасына қарасты ұйымдарда 14 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді.