Елорданың білім беру мекемелерінде «Заң мен тәртіп» айлығы өтті

Бүгін, 18:04
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елорданың білім беру мекемелерінде «Заң мен тәртіп» айлығы өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елорданың білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Адал азамат – біртұтас тәрбие» атты бірыңғай тәрбие жоспары негізінде жүргізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бағдарлама аясында қаңтар айында «Заң және тәртіп» атты айлық өткізілді. Атқарылған жұмыс туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржанғұл Қайырбаева айтты.

«Адал азамат – біртұтас тәрбие» жоспарының алты басты құндылығы – тәуелсіздік пен отансүйгіштік, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық. Бұл құндылықтар оқу жылының тоғыз айына кезең-кезеңімен бөлініп, білім берудің барлық деңгейінде тәрбие үдерісінің сабақтастығын қамтамасыз етеді.

«Қаңтар айында білім беру ұйымдары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 500-ден астам іс-шара өткізді. Олардың қатарында қауіпсіздік бойынша бірыңғай сабақтар, ата-аналарға арналған қаржылық сауаттылық дәрістері, «Менің құқығым – менің жауапкершілігім» тақырыбындағы кездесулер, буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу акциялары, адалдық сағаттары, прокуратура, сот және полиция өкілдерімен кездесулер, үлгілік сот отырыстары, «Қаржы Skill» қалалық чемпионаты, «Қауіпсіз маршрут» интерактивті жобасы, «Заң балалар көзімен» және «Менің әкем – полицей» сурет байқаулары, сондай-ақ мектепке дейінгі балаларға арналған «Адал сатып алушы» іс-шаралары бар», - деп жазылған ақпаратта.


Оқушылардың кәсіби және әлеуметтік қалыптасуына бағытталған жобаларға ерекше көңіл бөлінді. «Болашақ прокурорлар» клубы құқықтық тәртіп негіздерін тікелей қадағалау органдары қызметкерлерінен үйренуге мүмкіндік береді.Әкелер кеңесімен өткен сенімді диалог форматындағы кездесулер девиантты мінез-құлықтың алдын алуға ықпал етті. Қаңтар айындағы іс-шаралар 250 мыңнан астам бала мен жасты қамтыды.

Тәрбиелік жұмыстың келесі кезеңі – ақпан айы сыни ойлауды дамытуға, шығармашылық көшбасшылыққа және дарынды балаларды қолдауға арналмақ.
«Шығармашылық жолы» жобасы аясында дарынды балаларға арналған жобалық сессиялар ұйымдастырылады, жас жазушылар мен ақындардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіледі.
«SMART BALA» жобасы цифрлық шығармашылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, оның ішінде компьютерлік ойындар байқауы және Қауіпсіз интернеттің дүниежүзілік күніне арналған іс-шаралар өтеді.

«Балалар кітапханасы» жобасы Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Шын жүректен кітап сыйла!» атты қалалық челленджді бастайды.
«Қамқор» жобасы аясындағы әлеуметтік жауапкершілік бағыты Алғыс айту күніне арналған волонтерлік іс-шаралар циклін біріктіріп, оқушылардың қоғамға деген құрметі мен ризашылық сезімін қалыптастыруға бағытталады.

«Адал ұрпақ: Заң. Тәртіп. Сенім» қалалық форумы – айлықтың қорытынды іс-шарасы 30 қаңтарда өткен қалалық форум болды. Оған мектеп парламенттерінің өкілдерін қоса алғанда 450-ден астам адам қатысты.
30-дан астам мемлекеттік және қоғамдық қайраткер спикер және құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі. Форум құқықтық мәдениетті қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу және жас ұрпақ арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ортақ тәсілдерді әзірлеу алаңына айналды. «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие жоспары балалар мен жастардың адамгершілік, құқықтық және әлеуметтік құндылықтарын қалыптастыруға кешенді көзқарасты көрсетеді. Оқушылармен жүргізілетін жүйелі жұмыс құқықтық мәдениетті нығайтып, болашақ қала және ел азаматтарының зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік құзыреттерін дамытуға ықпал етеді.

Бұған дейін елордада оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған форум өткенін жаздық.