Елордалық театрда 19 жұп қатысқан қойылым өтті

Елордалық театрда 19 жұп қатысқан қойылым өтті
Фото: Сұлтан Сейіт

Музыкалық жас көрермен театры сахнасында Наурызнама онкүндігі аясында тағылымы терең, мазмұны мәнді «Бақытты шаңырақ жыры» атты ерекше қойылым көрермен көзайымына айналды. 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай өткен бұл мәдени іс-шара отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.


Кейінгі кезде қазақ театрлары қарқынды дамып, тек өнер ордасы ғана емес, тағдыр тоғыстырар қасиетті мекенге айналып келеді. Соның жарқын дәлелі – аталған театр ұжымынан 19 жұптың шаңырақ көтеруі. Бір сахнада табысқан жандардың өмірде де жұптасып, бір шаңырақ астында бақыт табуы театрдың өмір мектебі екенін айқын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ұжымды «ғашықтардың мекені» деуге толық негіз бар.

Қойылымның шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады:

«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Биыл үшінші жыл қатарынан елімізде 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі аталып өтуде. Бүгін – 17 наурыз, Шаңырақ күні. Біздің театрымыз шаңырақ көтергендер саны бойынша республикада алдыңғы орында деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі тақырыбымыз да «Бақытты шаңырақ жыры». Бүгін шырқалатын ән мен оқылатын өлеңнің барлығы махаббат пен отбасыға арналған. Шаңырақ күні құтты болсын!» — деді Асхат Маемиров.

Театр актеры Қазыбек Есқара да өз ойын ортаға салып, театрдағы отбасылық құндылықтардың маңызын атап өтті.

«Театр ашылғалы бері осында еңбек етіп келеміз. Жұбайым да осы театрда жұмыс істейді. Біздің бір қызымыз бар. Отбасы құрғанымызға жеті жыл болды. Шаңырақ мерекесі соңғы үш жылдан бері аталып келеді. Жалпы, Наурыз айының алғашқы күнінен бастап мерекелік іс-шаралар жалғасады. Біздің театрымызда 19 жұп бар», — деді ол.

Ал оның жұбайы, актриса Гүлдана Әбдісадық отбасының қоғамдағы рөліне тоқталды.

«Отан отбасынан басталады. Кез келген істің бастауы – отбасы. Бүгінгі қойылымның атауы да бекер емес – «Бақытты шаңырақ жыры». Жаңадан шаңырақ көтерген жастарға отбасының қадірін, маңызын жеткізгіміз келеді. Өнер ортасында жүргеннен кейін біз де өзгелерге үлгі болуға тырысамыз. Өзіміз де алдыңғы буын отбасыларға қарап бой түзейміз. Бүгінгі кездесуде 19 жұптың барлығы өнер көрсетті», — деді ол.

Кеш барысында театр әртістері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ән мен жыр арқылы махаббат пен отбасының қадір-қасиетін көрерменге әсерлі жеткізе білді. Шара көрерменге ерекше көңіл күй сыйлап, Шаңырақ күнінің шынайы шаттығын сезіндірді. «Бақытты шаңырақ жыры» – махаббат пен адалдықтың, бірлік пен жарасымның жарқын көрінісіне айналды.