Елордалық студенттер сенбілікке қатысты

Елордалық студенттер сенбілікке қатысты
Фото: Астана әкімдігі

Астанада «Таза Қазақстан – жауапкершілік белесі» экологиялық айлығы мен «Таза қала» экологиялық акциясы аясында Esil университетінің 100 студентінің қатысуымен сенбілік өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада басталған ауқымды экологиялық айлық қала тұрғындарын тазалық пен қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау идеясы аясында біріктіріп отыр. 11 сәуірден бастап қала бойынша аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Осындай игі бастамалардың бірі Ш.Құдайбердіұлы даңғылы мен А.Пушкин көшесінің қиылысындағы гүлзарда өтті.

Таңертеңнен жиналған Esil университетінің студенттері ортақ іске үлес қосып, арнайы құрал-жабдықтармен аумақты қоқыстан тазалап, жолдар мен жасыл желектерді ретке келтірді.

Байқоңыр ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің өкілдері бұл шараның бір реттік акция емес, жүйелі жұмыс екенін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін арттырып, қоғамдық өмірге белсенділігін күшейтеді.

«Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында гүлзарымызда сенбілік өткіздік. Негізгі мақсат – жастарды осы бастаманың идеологиясына баулу. Бұл тек сенбілікке қатысу емес, барлық саладағы тазалық пен тәртіпті қамтиды. Мамыр айының соңына дейін сенбіліктер жалғасады. Барлық тұрғынды, кәсіпкерлерді, білім беру ұйымдарын өз аумақтарын ретке келтіруге шақырамыз», – деді Байқоңыр ауданы әкімдігінің маманы Нұрислам Батырбек.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар қаланы таза етіп қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады.

«Бүгінгі сенбілікке жақсы көңіл-күймен қатыстық. Былтырдан қалған ағаш жапырақтарын жинап, аумақты толық тазарттық. Мұндай шаралар коммуналдық қызметкерлердің еңбегін бағалауды үйретеді. Бұл – қаламыздың экологиясына қосқан үлес. Қала таза болса, денсаулық та мықты болады», – деді Esil университетінің «құқықтану» мамандығының студенті Айнұр Батталғазы.

Сенбілік нәтижесінде аумақ тазарып қана қоймай, қатысушылар арасында бірлік пен ортақ іске деген жауапкершілік сезімі қалыптасты.