Елордалық спортшылар Бакуде өтіп жатқан човганнан әлем чемпионатына қатысып жатыр
Әзербайжан астанасы Баку қаласында ежелгі ат спорты ойындарының бірі – човганнан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Поло ойынының баламасы саналатын бұл дода «Бина» ат спорты орталығында салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz әкімдігінің ресми сайтыне сілтеме жасап.
Әлем біріншілігіне Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Польша, Чили, Уругвай, Кувейт, Нигер және Нигерия құрамаларын қоса алғанда, 10 ұлттық команда қатысты.
Халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы да бақ сынап жатыр. Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген спортшылардың қатарында Астана қаласының өкілдері де бар.

Елордалық поло спортшысы Әділхан Хасеновтің айтуынша, Қазақстанда әзірге човган (поло) бойынша жеке федерация құрылған жоқ. Қазіргі таңда ұлттық құрама Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшыларынан жасақталған. Команда құрамында алаңға төрт ойыншы шығады, сондай-ақ қосалқы спортшылар да қарастырылған.
«Біздің, поло спортшыларының халықаралық жарыстарға қатысу жағынан тәжірибеміз бар. 2025 жылы Өзбекстанда өткен Азия іріктеу турнирінде құрамамыз үшінші орын алды. Сол нәтижеміздің арқасында қазір Бакуде өтіп жатқан човганнан әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болдық.
Әртүрлі елден келген түрлі мәдениет пен дәстүрді ұстанатын спортшылардың бір алаңда бас қосуы човганның бірегей спорт түрі әрі халықаралық достықтың символы екенін көрсетеді. Човганды поло ойынының баламасы деуге болады. Дегенмен қазіргі заманғы поло Англияда кеңінен дамыды.
Бұл ойында дәлдік, күш, командалық тактика және аттың мүмкіндігін дұрыс бағалай білу маңызды. Яғни мұнда тек физикалық дайындық емес, стратегиялық ойлау да қажет. Алдағы уақытта Астанада федерация ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз», – деді Әділхан Хасенов.

Айта кетейік, Әзербайжан човган ойынының тарихи отаны саналады. Бұл спорт түрі өңірдегі ең көне ат спорты жарыстарының бірі болып есептеледі. Әзербайжанда човган ұлттық мұра мәртебесіне ие, ал қарабақ жылқыларымен ойналатын дәстүрлі човган ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында В тобында Әзербайжан, Өзбекстан, Чили және Кувейт құрамаларымен бірге өнер көрсетіп жүр.
Топтық кезең ойындары 8-11 маусым аралығында өтеді. Жартылай финал кездесулері 12 маусымға жоспарланған. Ал финалдық матчтар мен үшінші орын үшін ойын 13 маусымда болады.
10 құраманың қатысуымен өтіп жатқан әлем чемпионаты 13 маусымға дейін жалғасады.
Бұған дейін Астанада өткен бәйге жеңімпазы пәтер ұтып алғанын жазған болатынбыз.