Елордалық білім саласының ардагерлері Қазақстан Конституциясына енгізілетін өзгерістерді талқылады
Астанада білім саласының ардагерлері Қазақстан Конституциясына енгізілетін өзгерістерді талқылады. Басқосуды Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Кездесуге елорданың білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – Конституцияның жаңа редакциясында ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар төңірегінде пікір алмасу, қоғамның әр буынының көзқарасын ескеру болды.
Кездесу барысында қоғамдық кеңес мүшесі Юсуп Хасенұлы сөз алып, Конституция жобасында қамтылған басты жаңашылдықтарға тоқталды. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер елдегі басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Ардагер ұстаздар өз кезегінде білім саласына қатысты баптардың маңыздылығына ерекше назар аударды. Олар өскелең ұрпақтың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету, ұстаз мәртебесін арттыру және тәрбие мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде сақтау қажеттігін атап өтті.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды. Ардагерлер мұндай кездесулер қоғамда болып жатқан өзгерістерге бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстаным танытудың маңызды көрінісі екенін жеткізді.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар Конституциялық реформаларды талқылау алдағы уақытта да түрлі еңбек ұжымдары мен қоғамдық топтар арасында жалғасатынын атап өтті.