Елордалық 2 мың оқушы Қазақстан халқының бірлігі күніне орай бірегей флешмоб өткізді
Бүгін EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» тақырыбындағы ауқымды музыкалық іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Астана қаласы Білім басқармасы және Астана қаласы әкімдігінің қосымша білім беру мекемелері ұйымдастырған іс-шараға елорданың 2 мыңға жуық оқушысы қатысты. Олар домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, сазсырнай, флейта, скрипка және басқа да ұлттық әрі классикалық аспаптардың сүйемелдеуімен Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя» күйін бір мезетте орындап шықты.
Флешмобқа Астана қаласының музыкалық мектептері мен өнер мектептері, жалпы білім беру ұйымдарының 10-16 жас аралығындағы тәрбиеленушілері қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» дәстүрлі акциясы бұл жолы ерекше форматта өтті. Яғни, музыкалық шығарма әртүрлі аспаптың сүйемелдеуімен бір мезетте орындалды. Ал іс-шараның басты идеясы тақырып атауының өзінде жатыр.
«Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз, алтын ұямыз. Әр аспаптың үні бөлек, тембрі ерекше. Сол секілді елімізде тұратын әр ұлттың, әр адамның өз болмысы, өз мәдениеті бар. Алайда мыңдаған үн қосылып бір шығармаға айналғанда, біз де сан түрлі болсақ та, тағдырымыз бен болашағымыз ортақ бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымызды паш етеміз. Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя» күйі де кездейсоқ таңдалған жоқ. Флешмобтың негізгі идеясы – «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» екенін көрсету болса, күйдің мазмұны да іс-шараның идеясымен толық үндеседі. Сонымен қатар, бұл күй әуездік жағынан кең тынысты, әртүрлі музыкалық аспапқа лайықталып орындалуға өте ыңғайлы. Яғни домбырадан бастап скрипкаға дейінгі аспаптардың барлығы бір арнада үндесе алады. Бұл – бірліктің музыкалық көрінісі. Түйіндеп айтсақ, біз әртүрлі аспапта ойнасақ та, әуеніміз бір. Біз әртүрлі ұлттан болсақ та, Отанымыз бір. Міне, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген сөздің дәлелі осы», – дейді Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов.

Флешмобқа қатысушы, домбырада ойнау шеберлігін тоғыз жыл бойы шыңдап келе жатқан Астана қаласының №2 музыкалық мектебінің оқушысы Інжу Аманбай осындай мағынасы ауқымды флешмобқа қатысқанына риза екенін жеткізді.
«Біз «Алтын ұя» күйін орындаймыз дегенде ерекше сезімде болдық. Себебі бұл күйдің мағынасының өзі туып-өскен жылы ұямызды, ортақ Отанымызды жүрегімізге ұялатады. Сондықтан осындай үлкен флешмобқа қатысқанымызға қуаныштымыз. Өзім күй орындағанды ұнатамын. Бұдан басқа біз Қаршыға Ахмедияровтың «Қосбасар-3», «Атырау» күйлерін үйренген болатынбыз», – дейді Інжу Аманбай.
Айта кетейік, «Алтын ұя» – күйші-композитор, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың туындысы. Шығарма Отанға, туған жерге деген ыстық сағыныш пен шексіз махаббатты бейнелейді.


