Елордада спорт саласының мамандарына Конституциядағы өзгерістер түсіндірілді

Елордада спорт саласының мамандарына Конституциядағы өзгерістер түсіндірілді
фото: Қанат Байұзақов

Астананың №10 балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына арналған ақпараттық-таныстырылым кездесуі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараға арнайы спикер ретінде VIII шақырылымдағы Астана қалалық мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм пен Respublica партиясының өкілі Рауан Қалиев қатысты.

«XXI ғасырда интернеттің дамуы әсерінен қоғамдағы өзгерістер жылдам болуда. Сәйкесінше еліміздің Ата заңының 77 бабы немесе 84%-ы өзгеріске ұшырағалы жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Конституцияның арқасында тәуелсіз ел ретінде қалыптасып, шекарамыз бекітілді. Нарықтық экономикаға көштік. Өте қиын кезеңдерді бастан өткердік. Бірақ кез келген заң ескіреді. 10-20 жыл бұрын нәтижесін берген жүйе қазіргі заманның мәселелерін шеше бермейді. Әлемдегі геосаяси жағдайлар тез өзгеріп жатыр. Жаһандану жаңа қалыпқа ауысты. Күнделікті өмірімізді жасанды интеллектісіз елестете алмайтындай қалыпқа жеттік. Егер мемлекетіміз әлемдік бәсекеден тыс қалмасын десек, Конституцияны да өткен шақтың құжаты ретінде қалдырмауға тиіспіз», - деді  Астана қалалық мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм.

Кездесу барысында қатысушылар да өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қойып, жауап алды.

«Конституциядағы жаңа өзгерістер дегенде, көпшілігіміз бір палаталы парламент, парламенттің Құрылтай деп аталуы, вице-президент лауазымының енгізілуі деп қана түсінеміз. Алайда жаңа өзгерістердің мәні тереңде жатыр. Дәл қазіргі сәтте еліміздегі белсенді азаматтар Конституцияға қатысты 6 мыңнан астам ұсынысын жолдады. Сондықтан референдумға бармас бұрын, Ата заңымыздағы өзгерістермен де танысып шықсаңыздар артық етпейді», - деп Respublica партиясының өкілі Рауан Қалиев пікір білдірді.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесудің мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын сала өкілдеріне кеңінен түсіндіру екендігін айта кетті.

Бұған дейін елімізде Конституциядағы өзгерістерге қатысты референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтіп, халықтың 77,18 %-ы қолдаған еді.

Енді алдағы кезекті референдум 15 наурызға жоспарланған.