Елордада карате шинкиокушинкайдан ашық қалалық турнир өтіп жатыр
Астанада карате шинкиокушинкайдан ашық қалалық турнирге 300-ден астам адам қатысып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Аспан» спорт кешеніндегі бәсекеде 6-17 жас аралығындағы спортшылар ката мен кумитэ бағдарламасы бойынша сынға түсті.
Жарыс барысында елордалықтардан бөлек, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облысынан да қатысушылар бас қосты.

«Бүгінгі жарысымызға 300-ден астам қатысушы тіркелді. Чемпионаттың басты ерекшелігі – каратэнің 4 федерациясы бірігіп өткізіп жатыр. Тарихи жайт десек те болады. Себебі, әр федерацияның стилі, элементтері бөлек. Жалпы елімізде танымал спорттың қатарына кіретін карате шинкиокушинкайдың басты мақсаты – рухты, денсаулықты дайындау», - деді Астана қаласының Шинкиокушинкай каратэ федерациясының құрметті президенті Санжар Жаркешов.

Қазіргі сәтте осы спорт түрінен Астана қаласы республика деңгейіндегі көшбасшылардың қатарына кіреді. Оған наурыз айының соңында Орал қаласында өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде Астана қаласының жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуы дәлел.
«Менің спорттағы жолым карате шинкиокушинкайдан басталған. Содан бері 12-13 жылдай уақыт өтіпті. Осы аралықта мен бойыма екі басты қасиетті сіңірдім. Біріншісі – тәртіп. Спорт күнделікті өміріңді жүйелеп, уақытыңды басқаруға таптырмас құрал дер едім. Екінші – құрмет таныту. Біз татамиге шығар алдында міндетті түрде «Ос» деп амандасамыз», - деп қатысушы Амир Омаров өзінің ойымен бөлісті.

Айта кетейік ашық қалалық чемпионат бүгін мәресіне жетеді.