Елордада бір түнде 42 мың текше метрден астам қар шығарылды
Астанада коммуналдық қызмет мамандары қыс мезгілі басталғалы бері тоқтаусыз, күндіз-түні жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде елордадан қар полигондарына 2 574 ауыр жүк көлігінің рейсімен 42 492 текше метр қар шығарылды.
12 наурыз күні таңертең қаланы қар мен көктайғақтан тазартуға шамамен 1 753 арнайы техника және 2 960 жол жұмысшысы тартылды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жүргізіледі.
«Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына 478 707 рейспен 7 млн 224 мың 500 текше метр қар шығарылды.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр», - делінген хабарламада.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Еске сала кетейік, елордада екінші ауысымдағы 0-6-сынып оқушылары сабақты қашықтан оқиды.