Астанада коммуналдық қызметтер тәулік бойы, үзіліссіз режимде қар күреу жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Өткен түні коммуналдық қызмет мамандары арнайы полигондарға 1 790 рейспен 18 713 текше метр қар жеткізді.
11 қарашада күндізгі ауысымда қар күреу жұмысына 2 997 жол жұмысшысы мен 1 438 арнайы техника жұмылдырылды», - делінген хабарламада.
Қыс маусымы басталғалы бері елордадан 176 мың текше метрден астам қар, яғни 14 164 ауыр жүк көлігінің рейсі көлемінде қар шығарылған.
Алдымен қаланың негізгі көшелері мен қоғамдық көлік жолдары тазартылады. Кейін орташа қозғалыс қарқындылығы бар учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыс жүргізіледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда аса сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарларға шықпауға шақырады.