Елімізде су ресурсын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспары әзірлене бастады

Елімізде су ресурсын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспары әзірлене бастады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарын әзірлеуді бастады. Бұл туралы ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов Сенатта өткізілген «Талдау мектебі» қоғамдық жобасының қатысушыларымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz   ведомствоға сілтеме жасап.

Елдің сегіз су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысы бойынша су ресурстарын қорғау және пайдалану жоспарын әзірлеуге кірісті. Осы құжаттар негізінде Су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспары дайындалады.

Барлық бассейндік жоспарды әзірлеуді жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Ал бас жоспар 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл құжаттар мемлекеттік жоспарлаудың маңызды элементіне айналады.

«Мемлекет басшысы Қазақстанның су-энергетика картасын жасауды тапсырды. Бассейндік және бас жоспарлар бұл картаны әзірлеуге негіз болады. Біз су нысандарында электр энергиясын өндіру үшін қанша көлемде су пайдалануға болатынын нақты анықтай аламыз. Бұл мәселе Су кодексін әзірлеу кезінде де ескерілген», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Кездесу барысында Нұржан Нұржігітов былтыр қабылданған Су кодексіндегі жаңашылық, су шаруашылығы секторын цифрландыру және инфрақұрылымдық жобалар туралы ақпарат берді. Қатысушылар министрге саланың кадр әлеуетін арттыру, пайдаланылып жатқан цифрлық шешімдер және қоғамда су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша сұрақтар қойды.

«Талдау мектебі» жобасы 2021 жылы Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бастамасымен қолға алынған. Жобаға қатысушылар сегіз апта бойы деректерді жинау және талдау әдістерін меңгеріп, аналитикалық материалдар дайындау тәсілдерін жетілдіреді.