Референдум-2026

Елімізде есірткі бизнесіне қатысты 6 мың сайт бұғатталды

Елімізде есірткі бизнесіне қатысты 6 мың сайт бұғатталды
Фото: ІІМ

Елімізде есірткіге қатысты заңсыз контенті бар 6 мың сайт бұғатталды. Бұл мәлімет Ішкі істер министрлігінің бірінші жартыжылдықтағы есірткі қылмысына қарсы жұмысты қорытындылауында айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтың айтуынша, есірткі қылмысына қарсы күрес мемлекеттік деңгейде 2026-2028 жылдарға арналған үш жылдық кешенді жоспар аясында жүргізіліп жатыр.

«Биылғы бірінші жартыжылдықта 7 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 500 килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Соның нәтижесінде ондаған мың доза есірткі тұтынушыларға жетпей, мыңдаған адамның өмірі сақталып қалды. 15 есірткі зертханасының қызметі жойылып, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Оның ішінде біреуі трансұлттық сипатта», - деді Қуандық Әлжанов.

Оның айтуынша, есірткі қылмысының киберкеңістік пен криптовалюта саласына ауысқанын ескере отырып, интернет желісінде жүйелі жұмыс ұйымдастырылған.

«Киберқадағалау» жүйесі арқылы заңсыз контенті бар 6 мың сайт бұғатталды. «Антифрод орталық» арқылы қаржыландыру жүргізілген 9 мың банк картасы бұғатталып, жалпы сомасы 135 млн теңге көлеміндегі қаражатқа шектеу қойылды.