Елімізде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін KPI енгізіледі
Үкімет отырысында еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды қарау барысында Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс берушілердің өндірістегі қауіпсіздік үшін жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы сәуір айында Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері туралы Заңға қол қойды. Еңбек заңнамасындағы қолданыстағы нормалар жаңартылуда. Осы шаралардың барлығы еңбек қауіпсіздігі саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруге, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Заңнамалық өзгерістерді жүзеге асыру жұмыс берушілер тарапынан нақты шаралармен қатар жүруі тиіс екені баса айтылды.
«Енді жұмыс берушілер кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауы қажет. Еңбек министрлігі өндірістік жарақат алу көрсеткіші бойынша барлық ірі кәсіпорындардың басшылары үшін KPI енгізуі қажет. Оның орындалмай қалуы басшылықтың жалақысына және жалпы жұмыста қалуына тікелей әсер етуі тиіс», - деді Премьер-министр.
Еске салсақ, елімізде жыл соңына дейін 130 мың ұйымды жазатайым оқиғалардан сақтандыру жоспарланды.