Елімізде ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесі жыл соңына дейін 70%-ға жетеді - Үкімет

Бүгін, 10:08
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесі жыл соңына дейін 70%-ға жетеді - Үкімет
Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында өңдеу өнеркәсібінің жекелеген секторларын дамытудың алдын ала нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ағымдағы жылғы екі айда азық-түлік және сусындар өндірісінде жоғары өсу қарқыны байқалады. Азық-түлік өндірісінің көлемі 665 млрд теңге, нақты көлем индексі (НКИ) – жоспардағы 104,3%-да – 111,9%. Бірінші тоқсанға болжам – 112%.

Сусындар өндірісі 175,4 млрд теңгеге жетті, НКИ – 104,2%, жоспарда 110,2%. Қаңтар-наурыз айларына жоспар – 110,3%. Салыстыру үшін: өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 1,2 трлн теңгеге сусындар өндірілді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов атап өткендей, тамақ өнеркәсібі тұрақты даму серпінін көрсетуде.

2025 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімін өндіру көлемі 3,9 трлн теңге. Бұл 2024 жылғы деңгейден 8,1%-ға жоғары (3,3 трлн теңге). 2026 жылы бұл көрсеткішті 4,7 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін елімізде инфляция бесінші ай қатарынан баяулап келе жатқаны туралы жаздық.