Елімізде ағаш материалдарын электронды таңбалау жүйесі іске қосылып жатыр

Елімізде ағаш материалдарын электронды таңбалау жүйесі іске қосылып жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп, елдегі ағаш материалдарының айналымын таңбалау және қадағалау жөніндегі ұлттық жүйені әзірлеуді бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта елде мемлекеттік орман қоры аумағын қашықтықтан зондтау технологиялары белсенді түрде қолданылып келеді. Бұл орманды заңсыз кесу жағдайларының қысқаруына мүмкіндік берді. Мысалы, 2010 жылы – 664 жағдай, 2015 жылы – 522 жағдай, 2020 жылы – 386 жағдай, 2025 жылы – 197 жағдай.

«Сонымен қатар елде ормандарды заңсыз кесуді түбегейлі жою және ағаш материалдарын көлеңкелі айналымнан шығару мәселесі әлі де өзекті болып отыр.

Осы мақсатта Экология және табиғи ресурстар министрлігі ағаш материалдарын электрондық таңбалау бойынша халықаралық тәжірибені зерттеді, ол, атап айтқанда, беларус әріптестерге ағаштың көлеңкелі айналымын толықтай жоюға мүмкіндік берген.

Зерттеу қорытындылары бойынша «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, елдегі ағаш материалдарының айналымын таңбалау және қадағалау жөніндегі ұлттық жүйені әзірлеу басталды», - делінген хабарламада.

2025 жылдың 29 желтоқсанында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында іске асырылған пилоттық жобаның нәтижелері талқыланды. Қатысушылар ағаш материалдарының қадағалануын қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктерін, оларды одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, сондай-ақ реттеушілік әсерді талдауды жүргізудің негізгі аспектілерін қарастырып, пилоттық жүйені ауқымдау және ағашты таңбалауды бүкіл ел аумағында кезең-кезеңімен енгізуді ұсынды.

«Осылайша, аталған жүйені мемлекеттік орман қорының бүкіл аумағында енгізу ағаштың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасауда, ашықтықты арттыруда және орман ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуде маңызды қадам», - деді ведомстводан.