Елімізде 22 мыңнан астам адам кәсіптік оқумен қамтылды

Бүгін, 13:39
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде 22 мыңнан астам адам кәсіптік оқумен қамтылды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша біліктілікті арттыру және жаңа мамандықтарды меңгеру мақсатында кәсіптік оқумен 22 051 адам қамтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Қысқа мерзімді оқу бағдарламалары жұмыссыз азаматтарға бірнеше ай ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар мен білім алуға мүмкіндік береді. Оқыту келесі нысандарда ұйымдастырылады: оқу ұйымдарында, жұмыс берушілердің жұмыс орындарында және онлайн түрде Skills Enbek порталында.

Оқу ұзақтығы 6 айдан аспайды және алынатын біліктіліктің ерекшеліктеріне байланысты белгіленеді.

Өңірлер бойынша ең көп қатысушылар Ақтөбе облысында (2,6 мың адам), Шымкент қаласында (2,3 мың), Түркістан және Қызылорда облыстарында (1,6 мыңнан), сондай-ақ Қостанай облысында (1,5 мың) тіркелді.

2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мансап орталықтары арқылы 163 адам оқу ұйымдарына жіберілді. Оның ішінде 10 адам оқуын аяқтап, 9-ы жұмысқа орналасты.

Жұмыс орнында оқыту кезінде тәжірибелі маман тәлімгер ретінде бекітіледі, ал жұмыс беруші мен жұмыссыз азамат арасында еңбек шарты жасалады. Оқу кезеңінде айлық есептік көрсеткіштің 20 еселенген мөлшерінде жалақы төленеді. Жыл басынан бері бұл бағдарламаға 288 адам қатысты.

Skills Enbek порталы арқылы 2026 жылы 21,6 мың жұмыссыз азамат онлайн оқумен қамтылды.

Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында аспаз, тігінші, бухгалтер-кассир, шаштараз, тракторшы-машинист, маникюр шебері және шаштараз-стилист бар.

«Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарына, ал ауылдық жерлерде жергілікті әкімдіктерге жүгінуі тиіс. Оқу барысында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі: оқу ақысы төленеді, шәкіртақы немесе жалақы беріледі, жол жүру шығындары өтеледі. Басқа елді мекенде оқитын азаматтарға тұрғын үй жалдау шығындары да қарастырылған», - делінеді хабарламада.

Еске салсақ, елімізде оқушылардың мамандық таңдауына қатысты ауқымды мониторинг басталғанын жаздық.