Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің екінші ракеткасы атанады

Бүгін, 11:46
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің екінші ракеткасы атанады
Фото: ҰОК

Indian Wells Open турнирінде әйелдер арасындағы жекелей сында ширек финал матчы аяқталды. Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған америкалық Джессика Пегуламен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап. 

Кездесу Рыбакинаның айқын басымдығымен өтті. Қазақстандық спортшы қарсыласын екі сетте — 6:1, 7:6 (7:4) есебімен жеңді. Матч 1 сағат 30 минутқа созылды. Жартылай финалда Рыбакина украиналық теннисші Элина Свитолинамен кездеседі.

Бұл жеңістен кейін Рыбакина карьерасында алғаш рет әлемнің екінші ракеткасы атанады. Өйткені ширек финалда әлемнің екінші ракеткасы Ига Швёнтек Свитолинаға есе жіберді. Дүйсенбі күні жаңартылатын рейтингте Рыбакина мен Швёнтек ресми түрде орын ауыстырады.

Еске салайық, бұған дейін Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шыққаны туралы жаздық.