Елена Рыбакина әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді
Қазақстан әйелдер теннис құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жаңартқан әлемдік рейтингте жоғарылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа тізімде қазақстандық теннисші үшінші орыннан екінші сатыға көтерілді. Бұл – оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіш.
Мұндай нәтижеге спортшының Indian Wells Open (АҚШ) турниріндегі сәтті ойыны әсер етті. WTA 1000 санатына кіретін бұл жарыста Рыбакина финалға дейін жеткен болатын. Алайда шешуші матчта ол әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкоге есе жіберді.
Қазіргі уақытта Елена Рыбакинаның еншісінде 7783 ұпай бар. Ал 11025 ұпай жинаған Арина Соболенко рейтингтің көш басында келеді. Үздік үштікті 7413 ұпаймен Ига Швёнтек түйіндеп тұр.
Айта кетейік, Индиан-Уэллс турнирінен кейін тағы бір қазақстандық теннисші Анна Данилина да рейтингтегі орнын жақсартты. Жұптық сайыста ол төртінші орынға көтеріліп, өз мәнсабындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді.
Бұған дейін Елена Рыбакинаның алғаш рет әлемнің екінші ракеткасы атанғанын жазған едік.