Электрондық құжат айналымы саласындағы елдің цифрлық суверенитетін қамтамасыз ету міндеті тұр – ЖИ министрлігі
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі электрондық құжат айналымы нарығындағы қызметке қатысты барлық мәселелерді қарау процедуралары аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Электрондық құжат айналымы нарығы – ұлттық цифрлық инфрақұрылымның стратегиялық маңызды элементі. Сондықтан электрондық құжат айналымы саласындағы отандық шешімдерді дамыту елдің цифрлық суверенитетін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың негізгі процестерінің тұрақтылығын сақтау, іскерлік ортаның ашықтығын қамтамасыз ету және мемлекет, бизнес пен азаматтар арасындағы өзара әрекеттестіктің тиімділігін арттыру үшін шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты келесі шараларды қамтитын бірлескен құжат бекітілді:
1)жүйелер арасындағы құжат айналымында өзара әрекеттесу принциптерін әзірлеу;
2)қызмет көрсетушілердің ауысымдылығын қамтамасыз ететін технологиялық стандарттарды енгізу;
3)жеке ұйымдарға электрондық үкімет құжат айналымының шлюзіне қол жеткізу мүмкіндігін беру;
4)цифрлық деректердің мемлекет меншігінде болуын және технологиялық ашықтық принциптерін заңнамалық деңгейде бекіту.
Аталған шараларды іске асыру адал бәсекелестікті дамытуға, цифрлық сервистердің тиімділігін арттыруға және отандық IT нарығында инновациялық өсім үшін жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік органдар мен нарық қатысушылары арасындағы конструктивті өзара әрекеттестік сенімді нығайтып, адал бәсекелестік принциптерін сақтау және IT саласының тұрақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдар нарық қатысушыларымен диалог жүргізуге және электрондық құжат айналымы саласындағы реттеуді әрі қарай жетілдіруге дайын екендігін растайды.
Бұған дейін IT meetup-та елорданың цифрлық экожүйесін одан әрі дамыту талқыланғанын жаздық.