Ел өңірлерінде сұранысқа ие бағыттар бойынша 23 жаңа медициналық бөлімше ашылады
Еліміздің өңірлеріндегі облыстық ауруханаларды ауқымды жаңғырту бағдарламасы шеңберінде сұранысқа ие терапиялық бағыттар бойынша 23 жаңа бөлімше ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа бөлімшелер ересектер мен балалардың арасында қажеттілігі жоғары медициналық бағыттар бойынша құрылды. Олар: ревматология, пульмонология, гастроэнтерология, эндокринология, гематология, нефрология және кардиология.
Жоба 2024–2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жалпы алғанда, мастер-жоспарларға сәйкес еліміздегі 19 облыстық көпбейінді ауруханада, 15 облыстық балалар ауруханасында және 19 перинаталдық орталықта 2700 төсекке арналған 55 жаңа бөлімше ашу көзделген.
Облыстық балалар ауруханаларында 302 төсекке арналған 22 бөлімше ашу жоспарланған. Оның ішінде қазірдің өзінде 168 төсекке арналған 9 бөлімше пайдалануға берілді.
Сонымен қатар пульмонологиялық, неврологиялық, оториноларингологиялық, оңалту, травматологиялық және паллиативтік көмекті кеңейту көзделген.
Еске салайық, бұдан бұрын елордада жаңа емханалар мен жедел жәрдем станциялары ашылатыны туралы жаздық.