Экологиядағы жаңа кезең: Қазақстан мен ЮНЕП стратегиялық келісімге қол қойды
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЮНЕП атқарушы директоры Ингер Андерсонның екіжақты кездесуі кезінде Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қою салтанатты рәсімі өтті , деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келісім шеңберінде көзделген Алматы қаласындағы Орталық Азия үшін ЮНЕП субөңірлік кеңсесінің базасында өңірлік экологиялық хаб құруға ерекше мән берілді.
Қазақстан бұл хабты Өңірлік күш-жігерді шоғырландыру және саммиттің қорытынды құжаттары мен шешімдерін іс жүзінде іске асыру үшін негізгі платформа, сондай-ақ озық тәжірибе мен ғылыми сараптама орталығы ретінде қарастырады.
Сондай-ақ ЮНЕП-тің Тегеран конвенциясының (Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік Конвенция) уақытша Хатшылығы ретіндегі рөлі аталып өтті.

Қазақстанның ЮНЕП-пен ынтымақтастығы екіжақты деңгейде ғана емес, көпжақты деңгейде де дамуда. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясындағы өзара іс-қимыл жарқын мысал болып саналады.
«Қазақстан ШЫҰ – ЮНЕП форматының дамуын оң бағалайды және халықаралық іс-шаралар алаңдарында осындай кездесулерді жалғастыруға, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығы мен ЮНЕП арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды табысты іске асыруға үміттенеді», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Астанада ауқымды экологиялық жұмыстардың жалғасып жатқанын жазғанбыз.