Екі жылда 1,5 млн-дай жас азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасымен қамтылды
Соңғы екі жылда Қазақстанда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,5 миллионға жуық жас азамат қамтылды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», сондай-ақ өңірлік кәсіби бағдарлау және жұмысқа орналастыру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Жыл сайын жастар еңбек жасақтарына 35 мыңнан астам адам қатысады. Оның ішінде «Жасыл ел» бағдарламасы жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, командалық жұмыс пен жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде 235 жастар ресурстық орталығы білім алу, жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселелері бойынша, сондай-ақ психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді.
«NEET санатындағы жастармен атаулы жұмыс жүргізу үшін, оның ішінде «Отбасының цифрлық картасының» деректері пайдаланылады. Бұл жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз – NEET санатындағы жастардың үлесі біртіндеп төмендеп келеді», – деді вице-министр.
2026 жылғы шілдедегі жағдай бойынша NEET санатындағы жастардың саны 6,7%-ға төмендеді.
Еске сала кетсек, «Таза Қазақстан» акциясына 1 миллионнан астам жас қазақстандық қатысты.