WADA 2027 жылғы конгресін Астанада өткізуді жоспарлап отыр

WADA 2027 жылғы конгресін Астанада өткізуді жоспарлап отыр
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2027 жылғы конгресін Астанада өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Биыл наурыз айында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты аясында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат білім беру, допингтің алдын алу және ғылыми зерттеулер бағытындағы бірлескен жұмысты кеңейтуге бағытталған.

«Қазақстан Орталық Азия өңірінде таза спортты дамытуда маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті WADA Президенті Витольд Банька. Сондай-ақ ол Қазақстанның антидопинг мәдениетін дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Кездесу барысында тараптар 2027 жылы Астанада WADA Атқарушы комитеті мен Құрылтай кеңесінің отырыстарын өткізу мүмкіндігін талқылады. Мұндай деңгейдегі іс-шаралардың Қазақстанда өтуі елдің антидопинг саясатындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде қарастырылады.