Digital Qazaqstan 2026: Астана AI жобаларды таныстырып, жетекші ұйымдармен келісімдер жасасты
Шымкент қаласында 3 мыңнан астам қатысушының басын қосқан Digital Qazaqstan 2026 халықаралық технологиялық форумының GovTech-стенд алаңында Астана өз AI-жобаларын ұсынып, жетекші технологиялық және білім беру ұйымдарымен меморандумдарға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Форумға мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, халықаралық технологиялық компаниялар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Биылғы Digital Qazaqstan 2026 форумының негізгі тақырыбы – Industry 5.0: The Power of Connection. Бұл тұжырымдама адамға бағдарланған, тұрақты әрі өзара байланысқан цифрлық экономикаға көшу үрдісін білдіреді.

Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллектті дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, цифрлық экожүйелер қалыптастыру, сондай-ақ қалалық басқару мен өнеркәсіпке инновациялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады. Әсіресе, AI-ды тәжірибеде қолдану және деректердің жаңа экономикадағы негізгі ресурс ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Форум жұмысына Астананың Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы мен Астана Innovations АҚ өкілдері қатысты. GovTech-стендте қалалық R&D экожүйесінің маңызды бөлігі саналатын AI Lab тұжырымдамасы таныстырылды.

AI Lab – қалалық инфрақұрылымның түрлі саласында жасанды интеллектке негізделген шешімдерді іздеу, іріктеу, сынақтан өткізу және енгізуге арналған бірыңғай орта. Тұжырымдама стартаптармен өзара іс-қимылды, акселерациялық бағдарламаларды өткізуді, пилоттық жобаларды іске қосуды және тиімді шешімдерді кейіннен ауқымдауды қамтитын толыққанды инновациялық циклді қалыптастыруды көздейді.
Маңызды элементтердің бірі – қала мүддесіне сай технологияларды сараптап, басымдық беретін AI-кеңес.
Экспозиция аясында интерактивті форматта елорданың негізгі цифрлық жобаларын таныстырған AI-аватар да көрсетілді. Ол бұл жобалардың қала тұрғындарының күнделікті өмірінде қолданылу мүмкіндіктерін көрсетті.

Форум барысында елорда делегациясы серіктестермен бірқатар жұмыс кездесу өткізіп, салалық сессияларға, соның ішінде «Қазақстанның цифрлық өңірлері» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Форум қорытындысы бойынша Астана Innovations АҚ жетекші технологиялық және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойды. Атап айтқанда, MOST Ventures Fund қорымен инновациялар мен жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды дамыту жөнінде келісімге келді.

Сондай-ақ Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ-мен AI және цифрландыру саласына білікті мамандар даярлауға бағытталған келісім жасалды.
Бұдан бөлек, NCSPEECH ЖШС-мен әріптестік орнатылып, AI-жобаларды дамыту үшін деректер жиынтықтарын бірлесіп құру және пайдалану көзделді. Бұл бағытты іске асыру зияткерлік сервистерді енгізуді жеделдетіп, цифрлық шешімдердің тиімділігін ұлттық деңгейде арттыруға мүмкіндік береді.

Digital Qazaqstan 2026 форумына қатысу халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және Астананың жасанды интеллект пен цифрлық трансформация саласындағы бастамаларын ілгерілету жолындағы маңызды қадам болды.
Бұған Digital Qazaqstan алғашқы халықаралық технологиялық форумы аясында Decentrathon 5.0 мультилокациялық хакатоны ресми түрде басталғанын жазғанбыз.