Референдум-2026

Денсаулық сақтау министрлігі барлық периниталдық орталықтарда ауқымды тексеру жүргізеді

Бүгін, 13:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Денсаулық сақтау министрлігі барлық периниталдық орталықтарда ауқымды тексеру жүргізеді
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрі 15 тамызға дейін еліміздегі босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеру жүргізуді тапсырды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалап, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге назар аударады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Тиісті тапсырмалар Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған аппараттық кеңес барысында берілді.

Тексерулердің мақсаты – санкциялар санын арттыру емес, тәуекелдердің алдын алу және оларды жою, сондай-ақ босандыру қызметін көрсететін ұйымдардағы медициналық көмектің сапасын арттыру.

«Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Кеңес қорытындысы бойынша министр инфекция жағдайларын тергеп-тексеру тәсілдерін қайта қарауды, профилактикаға басымдық бере отырып санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтарын жаңартуды, сондай-ақ инфекцияның әрбір жағдайының туындау себептеріне объективті баға беруді тапсырды. Бұл еліміздегі инфекциялық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына медициналық ұйымдарды дезинфекция және зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті ресурстармен, жеке қорғаныш құралдарымен, заманауи жабдықтармен және бір реттік шығыс материалдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ медицина қызметкерлерін инфекциялық бақылау мәселелері бойынша жүйелі оқытуды ұйымдастыру тапсырылды.

Антибиотиктерге төзімділік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бактерияға қарсы препараттарды рецептімен босату талаптарының сақталуына бақылауды күшейтеді. Себебі антибиотиктерді ұтымды пайдалану микроорганизмдердің емге төзімділігінің алдын алудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Тексеру қорытындылары бойынша әрбір өңірде инфекциялық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған жол карталары бекітіледі.

Айта кету керек, медициналық көмек көрсету барысында туындайтын инфекциялардың алдын алу медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала береді. Қабылданған кешенді шараларды іске асыру аналар мен жаңа туған нәрестелердің қорғалу деңгейін арттыруға, инфекциялық бақылау жүйесін нығайтуға және азаматтардың отандық денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін күшейтуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін жазда қалай жедел ішек инфекциясынан сақтану қажет екені туралы жаздық.