Дәстүрлі құндылықтарды заманауи тәсілдермен ұштастыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады - депутат

5 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Дәстүрлі құндылықтарды заманауи тәсілдермен ұштастыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады - депутат
Фото: Бахаргүл Төлегеннің жеке архивінен

Turkistan газетінде жарияланған Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сұхбаты елде жүзеге асырылып жатқан реформалардың жүйелілігі мен сабақтастығын айқын көрсетеді. Сұхбатта экономиканы жаңғырту, өңірлерді дамыту және адами капиталды нығайту мәселелеріне ерекше мән берілген. Астана қаласы маслихатының депутаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бахаргүл Төлеген Президент сұхбатына орай осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қалалық мәслихат депутаты ретінде Мемлекет басшысының жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуге, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған ұстанымын атап өткім келеді. Бұл бағыттар жергілікті деңгейдегі күнделікті жұмысымызбен және тұрғындардың нақты сұраныстарымен толық үндеседі.

Ал халықтық шығармашылық саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкер ретінде ұлттық болмысты сақтау, креативті индустрияларды дамыту және мәдени әлеуетті арттыру мәселелеріне көрсетілген назарды маңызды деп санаймын. Цифрландырудың игіліктеріне келетін болсақ, дәстүрлі құндылықтарды заманауи тәсілдермен ұштастыру шағын және орта бизнеске, сондай-ақ қолөнер шеберлеріне жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жалпы, аталған сұхбат елдің орнықты дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталған мемлекеттік саясаттың алдағы уақытта да дәйекті түрде жалғасатынына сенім ұялатады», - деді Бахаргүл Төлеген.

Еске салайық, бұдан бұрын Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланғаны туралы жаздық.