Дәріхана қызметкерлеріне қатысты 13 қылмыстық іс тіркелді

Дәріхана қызметкерлеріне қатысты 13 қылмыстық іс тіркелді
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ішкі істер министрлігі есірткі және психотроптық дәрілердің заңды айналымын бақылау мақсатында 30 наурыз бен 3 сәуір аралығында елімізде «Дәрмек» іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«Заң мен тәртіп» принципі бойынша өткізілген шара барысында әсері күшті дәрілерді заңсыз сату бойынша 16 қылмыстық іс қозғалды.

Дәріхана қызметкерлеріне қатысты 13 қылмыстық іс тіркелді. Мыңнан астам медициналық мекеме және 300 кәсіпорын тексерілді. 209 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.  500 мыңнан астам дәрі және 1,5 мың тонна прекурсордың айналымы шектелді. 73 кәсіпорын басшысы жауапкершілікке тартылды.

«Алматыда рецептісіз дәрі сатқан төрт дәріхананың фармацевтіне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Ақтөбеде ірі фармацевтикалық мекемеге қатысты іс қозғалып, 400 мың дәрі тәркіленді. Түркістан облысында 100 тонна күкірт қышқылы арнайы күзетсіз тасымалданған. Абай облысында 680 тонна прекурсорды тасымалдау ережесі бұзылған», делінген министрліктің хабарламасында.  

Ішкі істер министрлігі ескертеді: мұндай заң бұзушылықтар қоғам үшін қауіпті. Оған заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, Ақтөбеде салымшылардан 197 млн теңгеден астам қаражат тартқан HRT пирамидасын ұйымдастырушылар ұсталды.