Дәнекерлеушінің жұмысы ойлау, өлшеу, дәлдік, шеберлік және тәжірибеден тұрады - Ардақ Сүлекеев
Еңбек күні қарсаңында дәнекерлеуші мамандығының қыр-сырына үңілдік. Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін бұл күн еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың кәсіби шеберлігін дәріптеуге арналған. Биыл Еңбек күні 27 қыркүйекке сәйкес келеді. Осыған орай «AR-Service» тұрғын үйлерге қызмет көрсету компаниясының дәнекерлеушісі Ардақ Сүлекеевпен мамандықтың ерекшелігі, қажетті дағдылар мен жұмыс барысы туралы әңгімелестік, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
– Дәнекерлеушінің жұмыс күні қалай өтеді? Негізгі міндеттеріңіз қандай?
– Менің жұмысым ең алдымен жұмыс орнын дайындаудан басталады. Күнделікті жұмысқа кіріспес бұрын дәнекерлеу аппараты мен қажетті құрал-жабдықтың барлығын тексеріп аламын. Құралдардың дұрыс жұмыс істеуі өте маңызды. Себебі бұл дәнекерлеу кезінде қауіпсіздікке де, жұмыстың сапасына да тікелей әсер етеді.
Одан кейін берілген тапсырмаға қарай жұмыс істеймін. Қажетті металл бөлшектерді өлшеп, дайындап, олардың бір-біріне тиіп, дұрыс орналасып тұрғанын тексеремін. Содан кейін ғана дәнекерлеуге кірісемін. Әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар. Бір жерде ұсақ бөлшектермен жұмыс істесең, енді бір жерде көлемді металл конструкцияларды біріктіруге тура келеді.
Жұмыста ең бастысы – дәнекерлеу тігісінің сапасы мен беріктігі. Сырт көзге бәрі дұрыс сияқты көрінгенімен, тігістің сапасы нашар болса, конструкция ұзаққа шыдамауы мүмкін. Сондықтан әр жұмысты асықпай, мұқият орындауға тырысамын. Жұмыс аяқталған соң дайын болған жерін қайта тексеріп шығамын. Дәнекерлеуші үшін істеген ісіне жауапкершілікпен қарау өте маңызды деп ойлаймын.
– Бұл мамандықта ең маңызды қандай дағдыларды меңгеру керек?
– Менің ойымша, ең бастысы – ұқыптылық пен дәлдік. Дәнекерлеушінің жұмысында миллиметрдің өзі маңызды болуы мүмкін. Бөлшектерді дұрыс орналастыру, тігісті біркелкі түсіру, металдың ерекшелігін ескеру – барлығы тәжірибені қажет етеді.
Әрине, дәнекерлеуші ең алдымен өз жұмысын жақсы білуі және аппаратпен дұрыс жұмыс істей алуы тиіс. Қандай металмен жұмыс істеп жатқаныңа қарай тәсіл де өзгереді. Сондықтан тек бір әдісті білу жеткіліксіз, тәжірибе арқылы түрлі жағдайға бейімделуді үйрену керек.
Сонымен қатар қауіпсіздік ережесін сақтау – ең маңызды талаптың бірі. Бұл қызметте қауіпсіздікке немқұрайлы қарауға болмайды. Қорғаныс құралдарын пайдалану, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру, аппараттың жағдайын тексеру сияқты қарапайым көрінетін нәрселердің өзі үлкен рөл атқарады.
Тағы бір қажетті қасиет – шыдамдылық. Кейде бір жұмысты бірнеше рет тексеріп, қажет болса қайта жасап шығуға тура келеді. Көп нәрсені жұмыс барысында түсінесің. Теория мен практиканың екі бөлек екенін осы мамандықтан анық көруге болады. Оқып, белгілі бір нәрсені білгеніңмен, оны іс жүзінде дұрыс орындау үшін тәжірибе керек. Сондықтан бұл мамандықта күн сайын үйренетін нәрсе бар деп ойлаймын.
– Жұмысыңызда өзіңізге ерекше ұнайтын тұсы қандай?
– Маған ең ұнайтыны – өз қолыңмен жұмыс істеп, нақты нәтиже көру. Бірнеше металл бөлшекті алып, оларды біріктіріп, дайын конструкция жасап шығарасың. Жұмыстың соңында өз қолыңнан шыққан дүниені көргенде, бір қуанып қаласың. Себебі оның жасалуына өз еңбегіңнің тікелей қатысы бар.
Әсіресе сынып тұрған, ештеңеге жарамсыз сияқты көрінетін заттарды қайта қалпына келтірген ұнайды. Кейде бір заттың кейбір бөлшектері істен шығып немесе сынып қалады. Оны қайта жөндеп, бұрынғы қалпына келтірген кезде жұмыстың нәтижесін бірден көресің. Бұл адамға ерекше әсер береді.
Меніңше, осы мамандықтың қызығы да осында. Жұмыс тек металлды бір-біріне қосумен шектелмейді. Оның артында ойлау, өлшеу, дәлдік, шеберлік және тәжірибе тұрады. Ал жұмыстың соңында нақты нәтиже пайда болады. Сол нәтижені көргенде өз еңбегіңе риза боласың.
– Дәнекерлеуші болғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жастарға айтарым – бұл мамандықтан қорықпау керек. Ең бастысы, жұмысты шын ниетпен үйрену. Кез келген мамандық сияқты, дәнекерлеуші болудың да бастапқы кезеңі оңай емес. Алғашында аппаратпен жұмыс істеу, дұрыс дәнекерлеу, тігісті біркелкі түсіру қиын болуы мүмкін. Бірақ тәжірибе жинаған сайын қолың үйреніп, жұмысты жақсырақ меңгере бастайсың.
Сондықтан тәжірибелі мамандардан үйреніп, көп жаттығу керек. Біреудің қалай жұмыс істейтінін бақылап қана қоймай, өзің де жасап көру маңызды. Қателіктен қорықпау керек, бірақ әр қателіктен сабақ алып, келесі жолы қайталамауға тырысқан жөн.
Және ең маңыздысы – қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау. Бұл жұмыста қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек. Өз денсаулығыңа да, айналаңдағы адамдарға да жауапкершілікпен қараған жөн.
Қазір дәнекерлеушіні қарапайым жұмыс деп айта алмаймын. Бұл – шеберлік пен ұқыптылықты қажет ететін, тәжірибелі маманға сұранысы бар кәсіп. Өз ісіңді жақсы меңгерсең, бұл мамандықтың пайдасын да көресің. Әсіресе жұмысты сапалы орындап, тәжірибеңді арттырған сайын мүмкіндігің де көбейеді.
Әрине, бұл жұмысқа белгілі бір физикалық төзімділік керек. Шымыр, еңбекке шыдамды, от пен ыстықтан қорықпайтын, ең бастысы, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адам болуы қажет. Бірақ осының бәрін тәжірибе арқылы қалыптастыруға болады.
Жастарға айтарым – мамандық таңдағанда оның қоғамға қаншалықты қажет екеніне де мән берген дұрыс. Дәнекерлеуші әрдайым керек мамандықтың бірі деп ойлаймын. Еңбегіңді шын ниетпен істеп, шеберлігіңді үнемі жетілдірсең, кез келген кәсіптен өз орныңды табуға болады. Өз ісіңді жақсы меңгерсең, оның жемісін міндетті түрде көресің.
– Сұхбатыңызға рахмет!