Қазақстандық жас спортшылар Африкада өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына қатысады

Бүгін, 17:36
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстандық жас спортшылар Африкада өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына қатысады
Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитеті

Қазақстан құрамасы биыл Сенегал астанасы Дакар қаласында өтетін жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Жастар спорттың 11 түрінен ел намысын қорғайды. Қазіргі таңда 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысушылардың тізіміне Қазақстаннан 18 спортшы енді. 

Таеквондо: 63 келіден жоғары, қыздар;

Жағажай волейболы: команда, ұлдар (2 спортшы);

Тас жолдағы велоспорт: топтық жарыс, ұлдар және қыздар; 

жекелей жарыс (жекелей уақытқа), ұлдар және қыздар;

Триатлон: жекелей спринт, ұлдар;

Семсерлесу: қылыш, ұлдар; 

Брейкинг: қыздар;

Бокс: 70 келіге дейін, ұлдар;

54, 57 келіге дейін, қыздар

Дзюдо: 52 келіге дейін, қыздар;

Жүзу: 100 метр еркін стиль, ұлдар;

50 метр арқамен жүзу, қыздар;

Спорттық гимнастика: жекелей көпсайыс, ұлдар және қыздар;

Жеңіл атлетика: диск лақтыру, ұлдар;

400 метр кедергілер арқылы жүгіру, қыздар.

Айту керек, берілген жолдамалар нақты спортшының атына бекітілмеген. Қазіргі уақытта ұлттық федерациялар жарысқа қатысатынын ресми растауы тиіс. 

«Олимпиада жолдамаларын бөлу 1-6 сәуір аралығында Халықаралық Олимпиадалық комитеті бекіткен қатысу қағидаларына сәйкес, халықаралық федерациялармен бірлесіп жүргізіледі. Осы кезең аяқталған соң, жолдамаларды қайта бөлу қарастырылған, ол 2026 жылдың 23 мамырына дейін жалғасады. Соның қорытындысы бойынша жас олимпиадашылардың толық құрамы анықталады», - делінген хабарламада.

Дакарда өтетін дүбірлі дода тарихтағы төртінші жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы болмақ және Африка құрлығында алғаш рет ұйымдастырылады.

Бұған дейінгі Олимпиадалардан айырмашылығы - 2026 жылы дәстүрлі іріктеу жарысы өткізілмейді. Оның орнына жолдамалар Халықаралық Олимпиадалық комитет пен халықаралық федерациялар арқылы бөлінеді. Жарыстың жабылу салтанаты өтетін сәтте қатысушылардың жасы 17 жастан аспауы тиіс. Ал ең төменгі жас шегін әрбір халықаралық федерация өз талаптарына сәйкес жеке белгілейді.

Жасөспірімдер Олимпиадасы Дакарда 31 қазан - 13 қараша аралығында өтеді.