Референдум-2026

Цифрлық активтерге салықтық жеңілдік: Жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізіледі

Цифрлық активтерге салықтық жеңілдік: Жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізіледі
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 21-отырысында құжат жобасына енгізілетін кезекті түзетулер топтамасы қаралды. Өзгерістер жобалық кеңсе мен салалық жұмыс топтарының ұсыныстары, Мемлекет басшысының тапсырмалары, Үкімет қаулылары және Премьер-министрдің тапсырмалары негізінде әзірленген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде түзетулер пакетіне барлығы 45 өзгеріс енгізілген. Олардың негізгі ережелері 2 шілдеде Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында және «Ашық НҚА» порталында жарияланған реттеуші саясаттың консультативтік құжатына енгізілді.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыруға бағытталған салықтық жеңілдіктер ұсынылды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қазақстандық провайдерлер арқылы жүргізілген цифрлық активтер операцияларынан жеке тұлғалардың тапқан табысын жеке табыс салығынан босату көзделіп отыр.

Түзетулердің бір бөлігі инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Ұсыныстарға сәйкес, инвестициялық басым келісімшарттар жасау тетігін қайта енгізу және фискалдық преференциялар қарастырылған инвестициялық келісімдердің тетігін қалпына келтіру жоспарланған.

Сонымен қатар инвесторларға қажетті инфрақұрылымды өз қаражатына жүргізуге мүмкіндік беріп, кейін бұл шығындарды корпоративтік табыс салығы бойынша шегерім арқылы өтеу ұсынылды.

Жаңа пакетке жобалық кеңсенің алдыңғы отырыстарында қабылданған бірқатар шешімдер де енгізілді. Олардың қатарында тауарларды таңбалау шығындарына үстеме шегерім беру, мүгедектігі бар адамдарға арналған жеке табыс салығы бойынша шегерімді кеңейту, әлеуметтік салықтан жекелеген кірістерді босатуды қалпына келтіру, факторинг пен форфейтинг операцияларын қосылған құн салығынан босату, ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты ҚҚС-ты түзету және жеміс шарабына акциз енгізу секілді бастамалар бар. Жалпы пакетке жобалық кеңсе барысында қабылданған 20 шешім енгізілген.

Бұдан бөлек, түзетулер салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрландыруға, салық рәсімдерін жетілдіруге және қолданыстағы салық заңнамасын қолдану кезінде анықталған мәселелерді шешуге бағытталған. Олар салық төлеушілердің өтініштері, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстары негізінде әзірленген.

Министрліктің мәліметінше, бірқатар бастамалар заң жобасы Құрылтай қарауына енгізілгенге дейін бизнес қауымдастығымен қосымша талқыланбақ. Бұл жұмыс Жобалық кеңсе алаңында жалғасады.

Бұған дейін Астанада бірқатар компания салықты аз төлеу үшін қайта ұйымдастыру рәсімін жүргізгені туралы жазған едік.