Бүгін қысқы Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтеді

Бүгін қысқы Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтеді
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астана уақытымен сағат 23:55-тен бастап XXV қысқы Олимпия ойындарының салтанатты ашылу рәсімін еліміздің 4 телеарнасы - Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Салтанатты рәсім Италияның Милан қаласындағы «Сан-Сиро» стадионында өтеді. Ұлттық құрамалар шеруінде Мемлекеттік туды Денис Никиша (шорт-трек) мен Аяулым Әмренова (фристайл-могул) ұстап шығады. Атап айтарлығы, ашылу рәсімі 4 локацияда қатар өтеді. Денис Милан қаласында, ал Аяулым шаңғы жарыстары өтетін Ливиньо коммунасындағы рәсімде болады.

Салтанатты кештің тақырыбы Armonia (итальянша «гармония», «үйлесім») деп аталады.
Сондай-ақ биыл Олимпиада алауы алғаш рет 2 тұста тұтанады. Олар: Миландағы салтанат қақпасы мен Кортина-д’Ампеццодағы Пьяцца Ди-бона алаңы.

Ақ ойындарға 93 мемлекеттен 3 мыңға жуық атлет қатысады. Олар 16 бағдарламада 116 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиада 22 ақпанда мәресіне жетеді.

Ұлттық құрама спортшылары қатысатын барлық сайысты Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly тікелей эфирде көрсетеді.
Еске салсақ, Милан-Кортина Олимпиадасында ел намысын 10 спорт түрінен 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) қорғайды.