БҚО-да Жайықтағы су тасқынына дайындық жүргізіліп жатыр

БҚО-да Жайықтағы су тасқынына дайындық жүргізіліп жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалы Жайық өзені бассейнінде алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Облыстың бес ауданындағы 87 елдімекенді сумен қамтамасыз ететін Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің су қоймалары каскадында бос сыйымдылық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта олардың толу деңгейі жобалық жалпы көлемнің 52%-ын құрайды.

Сонымен қатар Шаған өзеніндегі су қоймасында да бос сыйымдылық бар. Нысан транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Үлкен және Кіші Өзен өзендеріндегі су қоймаларында бос сыйымдылық жобалық көлемнің 43%.

Былтыр 2026 жылғы көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу мақсатында «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы 20 гидротехникалық нысанды жөндеп, ұзындығы 163,7 шақырым болатын каналды механикалық тәсілмен тазартты. Биыл 21 нысанды жөндеу және ұзындығы 297 шақырым каналды тазарту жоспарланып отыр.

«Филиалға қарасты барлық нысан бойынша көктемгі кезеңге дайындық паспорттары әзірленді. Сонымен қатар былтыр төрт нысанға көпфакторлы тексерулер жүргізіліп, олардың қауіпсіздік декларациясы дайындалды. Автокөлік және арнайы техника паркі жаңартылды. Сондай-ақ Ресей Федерациясындағы әріптестерімізбен, оның ішінде Орынбор және Саратов облыстары мен Башқұртстан Республикасының су шаруашылығы қызметтерімен тұрақты байланыс орнатылған», - деді «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хусаинов.

Еске сала кетсек, Олжас Бектенов әкімдерге су тасқынына қарсы дайындықты күшейтуді тапсырды.