Берік Ишанқұлов: Домбыра – музыка мәдениеті мен тарихты қатар алып жүрген тірі шежіре
Ұлттық домбыра күні қарсаңында ғасырлар желісін үзбей, бабалар аманатын арқалап жүрген өнер иелерінің еңбегі ерекше маңызды екенін атап өтпеске болмайды. 17 жылдан астам уақыт бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, Астана қаласы әкімдігіне қарасты «№2 Өнер мектебінің» педагогы Берік Ишанқұлов Elordainfo.kz тілшісіне қазақтың қара домбырасының қадір-қасиеті туралы толғанысын білдірді.
«Қазақ даласында ең кең тараған және тарихы тым тереңде жатқан аспап ол – домбыра. Бұл өнердің көшпенділер заманынан бастау алатын, кемінде 6 мың жылдық шежіресі бар. Мұндай ұзақ ғасырлық тарихы бар, ұлттың бүкіл болмысы мен мұрасын сақтап қалған аспап әлем халықтарының ішінде өте сирек кездеседі. Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ол сан түрлі тарихи оқиғаларды, шайқастар мен аңыз-күйлерді ішіне бүккен тірі шежіре. Бала домбыра тарту арқылы тек музыканы үйренбейді, ол өз Отанын, ұлттық құндылығын және қазақтың терең тарихын біліп өседі. Домбыра ұстаған бала күйші болмаса да, ішкі дүниесі кеңейіп, қоғамға тек пайдасын тигізеді. Сондықтан бұл мұраны келесі ұрпаққа үйрету – біздің басты міндетіміз», – дейді Берік Ишанқұлов.

Домбыра сыныбы ұстазының айтуынша, бүгінгі таңда домбыра өнері жаңа қырынан көрініп, жастардың арқасында халықаралық деңгейге шыққан. Ол танымал әнші Димаш Құдайбергенов сияқты бірегей таланттардың арқасында домбыра үні бүкіл әлемге танылып жатқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда Еуропа халықтары мен шетелдіктер қазақ күйіне еліктеп, домбыраны үйренуге ерекше ықылас танытуда. Болашақта қазақтың домбырасы әлемдік деңгейде испан гитарасы сияқты кең танымалдылыққа ие болып, тіпті одан да асып түсуі әбден мүмкін», - деді Берік Ишанқұлов.
Педагог домбыра пәнінен сабақ беретін өнер мектебінің оқушылары қазірдің өзінде қалалық, республикалық және халықаралық конкурстарда топ жарып, көптеген лауреаттар қатарын толықтырып үлгерген.
Берік Ишанқұловтың шәкірттері мемлекеттік деңгейдегі маңызды іс-шараларға, тіпті ел Президентінің қатысуымен өтетін салтанатты концерттерде өнер көрсетіп, білім ордасының атын бүкіл Қазақстанға танытып келеді. Ең қуаныштысы – бұл өнердің сабақтастығы үзілген жоқ. Мектеп қабырғасынан қанат қағып, шығармашылық шабыт шыңына шыққан шәкірттердің көбі кейін осы оқу орнына ұстаз болып оралып, еңбек етіп жүр.
«Домбыра – қазақ барда ешқашан өлмейтін, бізден кейін де артымыздан өшпес із болып қалатын мәңгілік мұра», - деп түйіндеді сарапшы Берік Ишанқұлов.
Дайындаған: Әдемі Сайрамбаева