Азия жағажай ойындары - 2026: қазақстандық волейболшылар құрамасы сәтті өнер көрсетті

Бүгін, 09:59
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Азия жағажай ойындары - 2026: қазақстандық волейболшылар құрамасы сәтті өнер көрсетті
фото: olympic.kz

Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарында жағажай волейболынан топтық кезең ойындары жалғасуда. Кезекті матчтарда Қазақстанның ерлер құрамалары сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Дмитрий Яковлев пен Абдулмажид Мохаммад Малайзия өкілдері - Мухаммад Исма Хазик Бин Исмаил мен Ен Джен Тан жұбынан басым түсті. Кездесу 2:0 есебімен аяқталды (21:12, 21:13).

Ал Сергей Богату мен Кирилл Гурин Бангладеш спортшылары Хоросита Бисвас пен Шихаб Ахмедті жеңді. Ойын екі партияға созылып, 2:0 есебімен (21:15, 21:14) аяқталды.

Айта кетейік, қазақстандық жағажай волейболшылары әзірге бірде-бір рет жеңілген жоқ. Богату мен Гурин үш ойынның үшеуінде де жеңіске жетсе, Яковлев пен Мохаммад екі матчта да қарсыластарынан басым түсті.

Еске салайық, бұған дейін VI жағажайдағы Азия ойындарында ел намысын кімдер қорғайтыны туралы жаздық.