Авторлық құқыққа қатысты дау: музыкалық шығарма мейрамханада орындалғаны үшін неліктен өтемақы төленбеді

Авторлық құқыққа қатысты дау: музыкалық шығарма мейрамханада орындалғаны үшін неліктен өтемақы төленбеді
Фото: pexels.com

Түркістан облысында музыкалық шығармаға қатысты авторлық құқықтың бұзылғаны туралы дерек тіркеліп, қоғамдық бірлестік жеке мейрамхана иесінен 3,6 млн теңге көлемінде өтемақы өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгінген, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоғарғы соттың мәліметінше, 2018 жылы қоғамдық бірлестік пен ән орындаушысы арасында мүліктік авторлық құқықтарды басқару жөніндегі өкілеттіктерді беру туралы шарт жасалған. Әннің пайдаланылуын өз бетінше қадағалаудың, радиостанциялармен және коммерциялық алаңдармен келіссөздер жүргізудің күрделілігіне байланысты орындаушы қоғамдық бірлестікке шығарманың пайдаланылуын бақылауды, сыйақыны жинауды және комиссияны ұстап қалып, оны құқық иесіне аударуды тапсырған.

Қоғамдық бірлестік Түркістан облысында жеке кәсіпкерге тиесілі мейрамханада музыкалық шығарманың пайдаланылғанын тіркеген.

Осы негізде қоғамдық бірлестік сотқа жеке кәсіпкерден авторлық құқықты бұзғаны үшін 3,6 млн теңге көлемінде өтемақы өндіру бойынша жүгінген.

Дәлел ретінде қоғамдық бірлестіктің өкілі ұялы телефонмен түсірілген бейнежазбаны ұсынған.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ұсынылған дәлелді зерделей отырып, оларды жол берілмейтін айғақ деп таныған.  

Соттың шешіміне сүйенсек, бейнетүсірілім мейрамхана әкімшісін хабардар етпей және оның қатысуынсыз жасырын түрде жүргізілген; мейрамхана иесі немесе әкімшілігі болжамды құқық бұзушылық туралы тиісінше хабардар етілмеген; қоғамдық бірлестіктің өкілі танысу және қол қою үшін қызметтік құжатты ұсынбаған, ал қол қоюдан бас тартылған жағдайда куәлардың қатысуымен акт жасалмаған.

«Азаматтық процестік кодекстің 78-бабының 4-бөлігіне сәйкес, ғылыми-техникалық құралдарды жасырын пайдалану нәтижелері дәлелдеме ретінде қолданылмайды.

Шығарманы заңсыз пайдалану фактісін растайтын жол берілетін және тиісті дәлелдемелердің болмауына байланысты сот қоғамдық бірлестіктің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартты», - делінген хабарламада.

Шешім заңды күшіне енді.

Бұдан бұрын авторлық құқықты бұзғандар 6 жылға дейін қамалуы мүмкін екенін жазған едік.