Ауылдық округ бюджетін мүлік салығы мен лицензиялық алым есебінен кеңейту ұсынылды

Ауылдық округ бюджетін мүлік салығы мен лицензиялық алым есебінен кеңейту ұсынылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжат Президенттің тапсырмаларын, соның ішінде мәслихат депутаттарының форумдарында айтылған міндеттерді орындау үшін әзірленді. Ол жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге және әкімдердің диалог алаңын дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, ұғымдарды нақтылау, жергілікті қоғамдастық жиындары мен жиналыстарын өткізу тәртібін реттеу ұсынылады.

Заң жобасындағы жаңалықтардың ішінде – кірістердің бір бөлігін ауылдық округтер деңгейіне беру бар. Бұған заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы, сондай-ақ тіркелген жері бойынша құжат тапсырғанға немесе рұқсат алғанға дейін төленетін лицензиялық алымдар жатады.

Бұдан бөлек, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту, соның ішінде аумақтық өзін-өзі басқаруды дамыту шаралары ұсынылады.

«Мәслихаттар қызметінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылған. Құжатта депутаттардың өкілеттігі, жауапкершілігі мен әлеуметтік кепілдіктері нақтыланады. Атап айтқанда, мәслихат депутаты өз сайлау округі тұрғындары алдында әр жарты жыл сайын міндетті түрде есеп беруін енгізу ұсынылады. Мәслихат отырыстары онлайн режимде көрсетіліп, депутаттық сауалдар көпшілік алдында жарияланады», делінген хабарламада.

Заң жобасында мәслихат аппаратының басшысын қызметке тағайындау және босату тәртібі анықталып, оның өкілеттігі бекітіледі. Мәслихат төрағасын қайта сайлау мүмкіндігі екі мерзіммен шектеледі.

Сондай-ақ заң жобасы аясында ауыл әкімінің функционалдық міндеттері қайта қаралады.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс екеніндігін атап өтті.