Әуе компаниясы Атыраудан Батумиге тікелей рейстерді іске қосады
FlyArystan Грузия бағытындағы маршруттық желісін кеңейтіп, Атырау – Батуми – Атырау жаңа бағытын ашады, деп хабарлайды Elordainfo.kz FlyArystan әуе компаниясына сілтеме жасап.
Қара теңіз жағалауындағы танымал курортқа рейстер 2026 жылғы 14 шілде мен 25 тамыз аралығында аптасына бір рет, сейсенбі күндері орындалады.
Рейс кестесі жолаушылардың демалыс күнін жоғалтпай, курортқа түске дейін жетуіне мүмкіндік беретіндей етіп жоспарланған. Атыраудан ұшақ сағат 10:40-та ұшып шығып, Батумиге жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-де қонады. Қайтар рейс Батуми қаласынан сағат 13:00-де аттанып, Атырауға сағат 16:15-те келеді.
«Жазғы маусым дәстүрлі түрде теңіз жағалауындағы демалысты, саяхаттағы қолайлылықты және туристер үшін тартымды мүмкіндіктерді ұсынатын бағыттарға деген жоғары сұраныспен ерекшеленеді. Батуми визасыз режимі, қонақжайлығы және дамыған туристік инфрақұрылымымен қазақстандықтар арасында ең сұранысқа ие шетелдік бағыттардың біріне айналды. Біз үшін ұшу географиясын кеңейту ғана емес, жолаушыларға таңдау мүмкіндігін арттыру маңызды. Атыраудан тікелей рейстің ашылуы Батыс Қазақстан тұрғындарына қосымша аялдамаларсыз және уақыт жоғалтпай, өз саяхаттарын барынша ыңғайлы түрде жоспарлауға мүмкіндік береді», - дейді Йохан Эйдхаген, «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры.
Атыраудан жаңа рейстің ашылуымен FlyArystan Грузия бағытындағы қатысуын одан әрі нығайта түсуде. 2026 жылғы маусым айының басынан бері әуекомпания Астана мен Ақтаудан Батумиге тікелей рейстерді орындайды. Сонымен қатар Қазақстанның бірқатар қалаларын Кутаисимен жыл бойы тұрақты рейстер арқылы байланыстырып келеді.
Билеттер FlyArystan мобильді қосымшасында, әуекомпанияның ресми сайтында және өзге де сату арналары арқылы қолжетімді. Тариф құнына салмағы 7 кг-ға дейінгі және өлшемі 56 × 23 × 36 см-ден аспайтын бір дана қол жүгі кіреді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтаудан Батумиге алғашқы тікелей рейс ұшқаны туралы жаздық.