Атырауда даулы жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды
Прокуратура органдары басым бағыттарының бірі ретінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауды қадағалау қызметінің жүйелі түрде қамтамасыз етуді жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Осы жұмыс аясында Атырау облысының прокуратурасымен «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы аумағында жер учаскелерін бөлу кезінде туындаған проблемалық мәселе табысты шешілді.
Тексеру нәтижесінде Ұлттық пулға енгізілген инвесторлар «Интаго Казахстан» ЖШС, «TenizEcoService» ЖШС және «РГК-Каспий» ЖШС өздерінің өндірістік нысандарына қол жеткізуде шектеулерге тап болғаны анықталды.
Бұл шектеулердің себебі – жалғыз көлік жолының жергілікті атқарушы орган тарапынан өзге кәсіпорынға негізсіз берілуі.
Аталған заңбұзушылықтар жер заңнамасының талаптарының тиісінше сақталмауы және уәкілетті орган жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан орын алған.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша даулы жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Бұл үш инвестордың құқықтарын толық қалпына келтіруге және арнайы экономикалық аймағындағы олардың қызметіне кедергі келтірген инфрақұрылымдық мәселелерді жоюға мүмкіндік берді.
Облыс прокуратурасы осы бағыттағы жұмысын жалғастыратын болады.